Лавров пен Рубио телефонмен тілдесті
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио телефон арқылы тілдесіп, тұрақты байланыс орнатуға, оның ішінде РФ президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың кездесуіне дайындалуға уағдаласты. Бұл жайында Kazinform ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлайды.

— Тұрақты байланыстар, оның ішінде жоғары деңгейдегі ресейлік-америкалық кездесуге дайындық жайы туралы уағдаласты, - делінген ресейлік сыртқы саясат ведомствосы таратқан ақпаратта.
Министрліктің атап өтуінше, Лавров пен Рубио «өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жолындағы бұрынғы әкімшіліктен мұра болып қалған біржақты кедергілерді алып тастау қалауымен» ресейлік-америкалық қарым-қатынаста жинақталып қалған проблемаларды шешу үшін байланыс арналарын қолдау туралы келісті.
— Тараптар халықаралық өзекті тақырыптар, оның ішінде Украина, Палестина, жалпы Таяу Шығыс төңірегіндегі және өзге де өңірлік бағыттағы ахуалды реттеу бойынша өзара іс-қимылға бағытталған екіжақты бейімділікті белгіледі, - деп атап өтті ведомстводан.
Сонымен қатар екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары 2016 жылы Барак Обама әкімшілігінен басталған «АҚШ-та ресейлік дипломатиялық миссияның жұмыс істеу шартын барынша қатаңдату» әрекетін жылдамырақ тоқтату жолдары туралы пікір алмасты. Дәл осы жайт ресейлік тараптың да қарымта шаралар қабылдауына түрткі болған.
— Таяу уақыттың ішінде Ресей мен АҚШ-тың шетелдегі өкілдіктерінің жұмысына кедергілерді өзара алып тастау бойынша нақты қадамдарды келісу үшін сарапшылар кездесуін ұйымдастыру уағдаластығына қол жеткізілді, - деді Ресей сыртқы істер министрлігі.
Бұған дейін Ресей мен АҚШ президентерінің кездесуі Сауд Арабиясында өтетіндігін жазған едік.