Лай көшкіні жүрген жердегі тарату желілері ретсіз әрі қауіпті - Медеу ауданының әкімі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин Тау Самалы шағын ауданында болған лай көшкініне қатысты түсініктеме берді.

Оның айтуынша, қазір Тау-Самалы шағын ауданында жеке сектордың коммуникацияларға қосылуы ретсіз әрі қауіпті. Онда көптеген тарату желісі стандарттарға сәйкес келмейді.
«Осы мәселені шешу үшін былтырдан бастап тарату желілерін салу бойынша жобаны әзірлеуге кіріскен едік. Біз «Балқаш» су көзін көрсеттік. Жаңа скважиналар - бұл бірінші кезең. Екінші кезең - тарату желілерін жүргізу және су құбырымен қатар кәріз желілерін салу. Өйткені таулы жерлерде септиктерді пайдаланатын жеке үйлер қауіпсіз емес», - деді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.
Естеріңізге сала кетейік, 8 ақпанда Медеу ауданының «Тау Самалы» шағын ауданындағы Олимпиский көшесі бойында техногендік сипаттағы топырақтың лайлануы салдарынан лай көшкіні болды.