Ләйлә Сұлтанқызы «Әйел бақыты» туралы өзі айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Балапан» телеарнасының директоры, «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Әйел бақыты» ток-шоуының авторы әрі жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызы отбасылық pandaland.kz сайтына сұхбат берген. Сұхбатында ол әйел бақыты туралы өз пікірмен бөлісті.
«Отбасының ұйытқысы, ер-азаматының ар-намысы, перзентінің ардақтысы болу - әйел бақыты. Бақыт айналаңызда, оны алыстан іздемеңіз, тек бақытты болуға тырысыңыз. Ол үшін іздену, еңбек ету, талпыну керек. Өмірді, айналаңдағы адамдарды жақсы көре білуің керек», - деген ол өзінің отбасы, бала тәрбиесі туралы пікірін де айтқан. "Аяулы жарым, екі кішкентай бүлдіршінім бар. Аттары Сағадат және Сардар. Бос уақыттарының барлығын пайдалы өткізгенін қатты қадағалаймын. Бала отбасынан қандай тәрбие алса, дәл сондай болып жетіледі. Сондықтан, баламыздың тәрбиесі жақсы болғанын қаласақ, алдымен өзімізді тәрбиелеу керек. Жалпы, қазақ халқының салт-дәстүрлерін бойына сіңіріп өскен бала жаман болмайды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет дегеннің бәрі де - осы біздің салтымыздан. Мен балаларыма үнемі ертегілер оқытып, мейлінше қазақи дәстүрді олардың бойына сіңіріп, өсіргім келеді», - деді Л.Сұлтанқызы.