Іле Алатауы ұлттық паркінде беймәлім 4 адам орманшыны соққыға жықты

Іле Алатауы ұлттық саябағында жол талғамайтын көлік тізгіндеген белгісіз біреулер орманшыны соққыға жыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

оқиға
Фото: Facebook/Евгений Мухамеджанов

Орманшының соққыға жығылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады.

Онда оқиғаның 29 қыркүйекте болғаны айтылған. 

«Әлгі адамдар джиппен шлагбаумды сындырып, ішке өтуге тырысқан. Кіреберісті камерамен қамтамасыз етуге ұлттық парктердің қаражаты да жоқ», - деп жазды желі қолданушысы.

Кейін осы жағдайға Экология министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті мәлімдеме жасады.

Айтуынша, 30 жастағы инспектор Дамир Қуатбековты белгісіз біреулер соққыға жыққан.

«Белгісіз төрт адам Медеу бөлімшесінің Каменск орманшылығының инспекторына шабуыл жасаған. Орманшы күдіктілердің ұлттық парк аумағына заңсыз кіруіне кедергі жасамақ болған. Қаскөйлер қара түсті Toyota Land Cruiser көлігімен буксир тіркейтін арқан арқылы «Мокрый ключ» шатқалының жабық шлагбаумын бұзуға тырысқан», - делінген хабарламада.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі күдіктілерді ұстауға бағытталған тиісті шаралар кешені жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

«Қылмыс объектісі жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымның лауазымды тұлғасы екенін ескере отырып, қылмыстық іс ҚР ҚК 380-2-бабы 3-бөлігі - мемлекеттік инспекторға күш қолдану бойынша қайта квалификацияланды. Тергеу барысы Алматы қалалық ПД басшылығының бақылауында»,- деп атап өтті ведомстводан.