Іле Алатауын мекендейтін ілбістер видеоға түсіп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Іле Алатауы шатқалдарында тіршілік ететін қар барыстары ұлттық парк пен Зоология ғылыми-зерттеу институты мамандарының ұдайы бақылауында.
Жыл сайын мамандар күз айлары мен көктемнің аяғына дейін 2000 метр биіктіктегі қар барысы жүретін соқпақтар мен жартастарға фототұзақ орнату арқылы мониторинг жүргізеді.
Еске сала кетейік, Қазақстанда қар барысының саны тұрақты түрде өсіп келеді. Бүгінде елімізде шамамен 190 ілбіс бар.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі, сонымен қоса қар барысын қорғаумен айналысып жүрген мамандардың қолдауымен еліміздегі ерекше қорғауға алынған 15 аумақта барлық жағдай жасалды.
Қазіргі таңда ұлттық табиғи парктер мен қорықтар аталған жануарлар үшін қауіпсіз.
Үнемі мониторинг жүргізіліп, жиі фототұзақ аумақтары ұйымдастырылады.
Соның нәтижесінде ілбістердің миграциясын, өмір сүру, ортаға бейімделу ерекшеліктеріне талдау жасалады.
Қазақстанда тұңғыш рет қар барысын санау жұмысы 1978 жылы қолға алынған. Тиісінше, 1980 жылы еліміздің аумағын 200-ге жуық ілбіс мекен еткені анықталды.
Сол кезеңде қар барысы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді. 1990-шы жылдардан бастап олардың саны айтарлықтай қысқарды.
Кейінгі уақытта ілбістерге арналған экожүйені жақсарту есебінен олардың қатары артты.
Соңғы 3-5 жылдағы қар барысының орташа жылдық өсімі — 5-6 бас.