LEGO компаниясы дінаралық араздықты қоздырғаны үшін айыпталып отыр

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Австриядағы түрік мәдени орталығы LEGO компаниясын ойыншықтары арқылы дінаралық араздықты қоздырды деп айыптап отыр.

LEGO компаниясы дінаралық араздықты қоздырғаны үшін айыпталып отыр

Орталық LEGO компаниясының «Ғаламдық соғыстар» топтамасынан «Джабба сарайы» деп аталатын жиынтығын саудаға шығаруға қарсылық білдірмекші, деп жазады muslim.kz.

Сөйтсе, компанияның шығарған «Джабба сарайы» деп аталатын құрастырмалы ойыншығы Ыстамбұлдағы Айя Софиядан және Бейруттегі Джамма әл-Кабира мешітінен аумай қалған. Ойыншықтың мұнарасы мешіттің минаретінен, ал қолына балта мен пулемет ұстаған қарауыл азаншыға ұқсап қалған. «Мұны көрген бала азаншыны қарулы қылмыскер деп те ойлап қалуы мүмкін ғой» дейді түрік қауымдастығы. Қысқасы, қауымдастық мүшелері бұл «Джабба сарайын» тек мешітке ғана емес, сонымен қатар Каролингтер дәуіріндегі храмға да, Римдегі Пантеонға да, тіпті, будда немесе индус храмына да, яғни түрлі діндердің ғибадатханаларына ұқсатқан. Оның үстіне «Ғаламдық соғыстардағы» қаскүнем Джабба Хаттың бейнесі түрік жамағатының пікірінше, террорист, қанішер, құл иеленуші ретінде жаңсақ қабылданып жүрген Таяу Шығыс пен Азия халықтары туралы жалған түсінікке жетелейді.

«Айналып келгенде мұндай жағдайлар Еуропадағы мәдени ықпалдастық пен ынтымақтастыққа сына қағып, сызат түсіреді» деп мәлімдеді түрік жамағаты. Бұған қоса, LEGO топтамасында зымырандар, зеңбіректер, лазерлік тапаншалар, пулеметтер және самурайлардың қылышы секілді ойыншықтар сатылады. Бұлардың бәрі педагогикалық тұрғыдан, тәрбиелік жағынан қарағанда аса қауіпті ойыншықтар. Осыған орай аталмыш ұйым Австрияның, Германияның және Түркияның прокуратураларына шағым түсіруге бел байлап отыр.

Олар LEGO компаниясынан соғыс пен зорлық-зомбылықты еске түсіретін ойыншықтарды саудағы шығармауды және діни-мәдени құндылықтарды қорлағаны үшін жария түрде кешірім сұрауды талап етіп отыр. LEGO компаниясының өкілі - Катарина Зассе (Katharina Sasse) бұған жауап ретінде «Джабба сарайы» ойыншығы «Ғаламдық соғыстардағы» прототиптерге сәйкестендіріліп қана жасалғанын айтып отыр.