Леңгірдің су жүйесіне 4,5 млрд теңге жұмсалса да тұрғындар лай су ішіп отыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Леңгір қаласының тұрғындары көп жылдардан бері тіршілік нәрінен таршылық көріп келеді. Қаланы құбыр суымен қамту үшін бес жыл бұрын 4,5 млрд теңге бөлінген. Алайда мұндағы жұрт әлі күнге лай су ішіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

 Леңгірдің су жүйесіне 4,5 млрд теңге жұмсалса да тұрғындар лай су ішіп отыр

Төле би ауданы орталығындағы су құбырының құрылысы 2012 жылы басталған. Оған мемлекеттік бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінді. Жұмысты мемлекеттік сатып алу бойынша «Шымкентмонтаж» мекемесі жүргізген. Алайда, атқарылған жұмыс сапасыз болып шыққан. Мұны жергілікті халық растап отыр.

«Мына суды тұндырып ішпесе, жарамайды. Оны бірнеше ыдысқа құйып, тұндырып ішеміз. Осы құрылыстың сапасы сын көтермейтіні туралы мен депутаттық сауал жібергенмін. Сөйте тұра, біз шырылдағанызбен, әкім-қаралар оған құлақ та асқан жоқ», - дейді Төле би ауданының құрметті азаматы Ғабдулин Елубаев.

Осыдан екі жыл бұрын бітуі тиісті құрылыс жұмысы әлі күнге созылып келеді. Тіпті құқық қорғау органдары  құрылыстың кемшіліктеріне қатысты қылмыстық іс те қозғаған. Бірақ, нәтижесіз. Салдарынан бітпеген істен бір кемшілік күн сайын табылуда екен.

«Мердігер мекемеге бір ай мерзім берілді. Кемшіліктердің бәрін жою туралы. Мердігер мекеменің директоры бұл мәселені бір ай көлемінде жоюға уәде беріп отыр. Егер берілмеген жағдайда тағы құқыққорғау органдарына беріледі», - дейді Төле би ауданы әкімінің орынбасары Мастерхан Пернебеков.