Ленин, Чапаев: СҚО-да 350-ге жуық ауыл-көше атауы ауыстыруды қажет етеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында идеологиялық тұрғыда ескірген 350-ге жуық ауыл-көше атауы ауыстыруды қажет етеді. 

Ленин, Чапаев: СҚО-да 350-ге жуық ауыл-көше атауы ауыстыруды қажет етеді
Фото: ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі / Kazinform

СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өткен жылды қорытындылап, 2025 жылға жоспарды бекітті. 

Ведомство басшысы Санат Әубәкіровтің айтуынша, облыста атауы ауыстырылуы тиіс 33 елді мекен, 14 ауылдық округ және 300 көше бар. Ескірген атаулардан құтылу үшін 2025 жылға арналған Жол картасы әзірленген. 

— Биыл 4 ауылдық округтің, 4 елді мекеннің және 128 көшенің атауын өзгерту ұсынылды. Сондай-ақ «Бірлік» шағын ауданында — 28, «Орман» шағын ауданында 7 жаңа көшеге республикалық ономастикалық комиссия бекіткен «дәстүрлі атаулар», «жер-су атаулары» тізімінен алынды, - дейді Санат Әубәкіров.

«Тарихи тұлғалар» республикалық тізілімінде 697 есім, соның ішінде 39-ы — СҚО-дан бар. Облыстық ономастикалық комиссия қарауына елді мекен мен көше атауларын ауыстыруға қатысты — 9, 4 нысанға және 4 мектепке атау беру жөнінде ұсыныс түскен. 

— Петропавлдағы № 28 орта білім беретін мектепке Қаныш Сәтпаевтың, Жамбыл ауданы Благовещенка орта мектебіне Марат Кенжегузиннің, Шал ақын ауданы Семиполка орта мектебіне Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Павел Гончардың, Тимирязев ауданы Ақсуат орта мектебіне Нұржан Қалиасқаровтың есімін беру жөнінде ұсыныс бар. Жеңістің 80 жылдығына орай Мәдениет және ақпарат министрлігінен соғыс батырларының есімдерін көше және білім ордаларына беру туралы тапсырма түсті. Аудандарға тиісті хат жіберілді, ұсыныс айдың ортасына дейін түсуі керек, - дейді басқарма басшысы. 

Бұған дейін СҚО биыл 3 144 қоныс аударушыны қабылдайтынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар