Ленин мавзолейі уақытша жабылады
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеудегі Ленин мавзолейі дүйсенбіден бастап алдын ала жоспарланған жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты уақытша екі айға жабылады, деп хабарлады РИА Новости.
Әдетте мавзолейге аптасына бес күн сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін баруға болады. Мавзолей Қызыл алаңда бұқаралық қоғамдық шаралар мен серуен өтетін мереке күндері жұмыс істемейді. Ол 2015 жылғы 1 қаңтарда 1 күнге жабылған болатын.
«2015 жылғы 16 ақпан мен 16 сәуір аралығы кезеңінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты Ленин мавзолейі келушілер үшін жабылады», делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, алғашқы уақытша ағаштан жасалған Ленин мавзолейі КСРО ХКК төрағасы қайтыс болған соң бір аптадан кейін 1924 жылғы 27 қаңтарда ашылған. Оған ол кезде тек қана жақын туыстары мен коммунистік партия, кеңес мемлекетінің басшылары ғана кіре алған. Халықтың жаппай кіруіне Щусев жобасы бойынша екінші мавзолей салынғаннан кейін рұқсат етілді (1924 жылғы 1 тамыз). Бүгінгі күнгі үшінші тастан жасалған мавзолей де Щусевтің жобасы бойынша бой көтерген. Пантеон 1930 жылғы қазанда салынды.