«Ленинградтық өренім, мақтанышым - сен едің!» балетінің премьерасы еліміздің бірқатар қалаларында өтеді
АЛМАТЫ. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Екатерина Ионова/ - Болат Аюханов басқарған ҚР Мемлекеттік академиялық би театрының 43-ші маусымындағы «Ленинградтық өренім, мақтанышым - сен едің!» балеті қойылымының премьерасы республиканың бірнеше қалаларында өтеді. Дмитрий Шостаковичтің Ленинградтық симфония музыкасына және Жамбыл Жабаевтың атақты толғауының негізінде қойылған бір көріністі спектакль Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналып отыр.
Б.Аюхановтың Балет студиясы директорының орынбасары Фатима Жұмағұлованың айтуынша, балет премерасы наурыздың 2-сі, 3-і және 4-і күндері - Шымкентте, наурыздың 5-і және 6-сы күндері Таразда қойылады. «Сәуірдің аяғында Оралда, мамырдың басында - Қостанайда, содан кейін Астанада боламыз», - деді ол. Балеттің алғашқы премьерасы 2009 жылғы желтоқсанның 3-і мен 7-сі аралығында Санкт-Петербордың Ленсовет атындағы Сарайы сахнасында, осы жылғы ақпанның 16-сында - Алматыда Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында көрсетілді.
Сценарийін жазған және хореографиясын қойған - ҚР халық әртісі, профессор Болат Аюханов. Балеттегі басты партияларды Гүлнар Камалова, Еркін Өтепов, Гүлнәз Орынбаева, халықаралық конкурстардың лауреаты Мәди Қасымов, Мөлдір Зекенова, Әлібек Әспетов, Бибі Байтілеуова және басқа да театр әртістері орындады.