Ленинградтың фашистік құрсаудан азат болғанына 66 жыл толды
Ы. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Осыдан 66 жыл бұрын Ленинград фашистік құрсаудан азат етілген болатын, осы күнге орай Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы монументке бүгін гүл шоқтары қойылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Гитлер 1941 жылы қаланы толық жою үшiн Ленинградқа әскери күштерін жұмылдырған еді. Сол уақытта Ленинград жан-жақты стратегиялық және саяси орталық болатын. Қала тұрғындары 900 күнге созылған қүрсаудан, тек 1944 жылдың 27-ші қаңтарында ғана азат болғандығын бүгінгі ардагерлер мен «қүрсауда болғандар» еске алды.
«Луга өзенінің жағалауына жету үшін екінші Балтық майданының 1-ші және 22-ші екпінді армияларымен Кингсеп бағытындағы фашистерге соққы беріп, қираттық. Одан ары Нарва мен Псков бағытына жылжи отырып, неміс әскеріне күйрете соққы беріп, Ленинград облысын жаудан толығымен азат еттік», дейді Ленинградты азат етуші, майор Александр Хартов.
Ленинград құрсауда болған кезде қалада 400 мыңнан 1,5 миллион адамға дейін қаза тапқан деген түрлі деректер бар.
Қазіргі күні Ленинградты азат етуде ерлік көрсеткен 115 қорғаушы Алматыда тұрып жатыр.