16:20, 26 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ленинградтың құрсаудан босатылғанына 65 жыл толуына орай мерекелік концерт өтті
АЛМАТЫ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда Ленинград қаласының азат етілгеніне 65 жыл толуына орай мерекелік концерт өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алматы қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, құрсаудағы Ленинградты қорғауға қатысушылар, жастардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Концертте 900 күн бойы фашистік Германия әскерінің қоршауында қалған батыр қала ? Ленинград тұрғындарының ерліктері жайында баян етілді. Салтанатты кеште Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ән және би ансамблі өнер көрсетті. Ленинградтың 1941 жылдың 10 шілдесі мен 1944 жылдың 14 қаңтары аралығындағы фашистер қоршауында қалған кезеңінде 632 мың адам қаза болған. Олардың 97 пайызы аштықтан көз жұмса, қалғандары бомбалау мен жау оғының құрбандары екен. Ертең, қаңтардың 27-сі күні атаулы күнге орай Мәңгілік алау мен Ленинград топырағы салынған жәшікке гүл шоқтарын қою рәсімі өтпек.