Лэнс Армстронг «Астананың» экс-бас менеджерінің өзінің допинг-тәжірибесіне қатысы бар екенін айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы кезде басы даудан арылмай жүрген велошабандоз Лэнс Армстронг ант арқылы жауап беру кезінде «Астана» командасының экс-бас менеджері Йохан Брюнельдің өзінің допинг-тәжірибесіне қатысы бар екенін айтты, деп хабарлады Vesti.kz шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Сонымен қатар ол өзінің ісінде бұның алдында аты-жөні белгілі болған адамдардың есімдерін атады. Олардың арасында спортшының бапкері Пепи Марти, доктор Педро Селайя, доктор Лусия Гарсиа дель Морал және доктор Микеле Феррари бар. Бұған қоса, осы үдеріске массаж жасаушы Эмма О'Рэйли, сондай-ақ механиктер Де Вриезе мен Майренің қатысы болған.
Айта кетейік, допинг пайдаланғаны үшін 2012 жылдың қазан айында велошабандоз «Тур де Франстың» 7 титулынан айырылып, өмір бойына спорттан аластатылды.