Лэнс Армстронгтың допинг-дауынан кейін велоспорттың абыройын қайта жандандырмақпын - UCI президенті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) президенті Брайан Куксон Тур де Франстың жеті дүркін жеңімпазы Лэнс Армстронгтың допинг-дауынан кейін велоспорттың атақ-абыройын қайта жандандыруды көздеуде. Бұл туралы ол бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Лэнс Армстронгтың допинг-дауынан кейін велоспорттың абыройын қайта жандандырмақпын  - UCI президенті

Айта кетейік, бұрын хабарлағанымыздай, Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) президенті Брайан Куксон ресми іссапармен Астанаға келген болатын.

Жоғары мәртебелі мейман алдағы жылдары Халықаралық велосипедшілер одағы қандай жұмыстармен айналысатындығын қысқаша айтып берді.

«Мен жаңа қызметіме енді ғана кірістім және ең бірінші қолға алатын жұмысым - Лэнс Армстронгтан кейін едәуір кір келген ұйымның беделін, атақ-абыройын қайта жандандыру болады, - деп атап өтті ол. - Велосипед спортын бұдан әрі әлем бойынша, соның ішінде Азия құрлығында дамытуды қолға аламын. Біздің басты мақсатымыздың бірі - әйелдер арасындағы велоспортты дамыту. Әйелдерді осы спортқа белсенді түрде тартып, үздік жағдайлар жасауымыз шарт. Сонымен қатар олимпиада қозғалысында велоспорттың орнын одан әрі күшейтуді қалар едім. Жалпы менің алдымда шешімін күтетін кешенді міндеттер тұр және мен алдағы айларда жұмысым қауырт болады», - деп түйді сөзін Б.Куксон.

Атап өтейік, бұл Б.Куксонның халықаралық спорт ұйымының басшысы қызметіндегі ең алғашқы сапары болып отыр. Британиялық Брайан Куксон 2013 жылы қыркүйекте президенттікке сайланғаннан кейін Астананы Азияға сапары кезіндегі алғашқы қаласы ретінде белгілеген.