Левит, Елеусінов және Емберді балалар үйіне көмек көрсетті

балалар үйі
Фото: Астана қалалық спорт басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM – «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы аясында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит және елімізге танымал кәсіпқой боксшы, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов, ауыр атлетикадан Әлем чемпионы Едіге Емберді «Өнегелі ұрпақ» апталығын өткізді.

Астана қалалық спорт басқармасынан атап өткендей, «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Астана маңындағы «Светоч» балалар үйінің жанындағы орта мектепте сенбілік ұйымдастырды. Олар алдымен аула ішіндегі қоқыстарды тазалап, есік алдын сыпырып, өсіп кеткен шөптерді шауып, гүлдердің түбін қопсытты.

балалар үй
Фото: Астана қалалық спорт басқармасы

«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акцияның 4 аптасы «Өнегелі ұрпақ» ұранымен өтуде. Елорда бойынша қала тұрғындары ардагерлердің, балалар мен қарттар үйлерінің аулаларын тазалап, абаттандыруда. Айтулы экологиялық акцияға бізде өз үлесімізді қосуға тырысып жатырмыз. Әріптестеріммен ақылдаса келе Астана маңында орналасқан «Светоч» балалар үйіне келдік. Бұл балалар үйінде қазіргі таңда 19 бала тәрбиеленуде екен. Осы акция барысында өзім басқарып отырған қалалық спорт басқармасына қарасты Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының қызметкерлерімен, елімізге танымал бірқатар спортшымен бірге балалар үйінің аумағын қоқыстан тазалап, тәрбиеленушілер үшін шағын мереке ұйымдастырдық. Біз балаларды тәрбиелеу мен дамытуға үнемі өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Өздеріңіз білетіндей, спорт – бала тәрбиесіндегі ең жақсы көмекші. Бүгінде елордада түрлі секцияларда 500 мыңнан астам бала айналысады. Олар өздерінің физикалық жағдайын жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар мейірімділік, жауаптылық және жанашырлық сияқты қасиеттерді тәрбиелейді. Өз әріптестеріме, спортшыларыма және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының қызметкерлеріне көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыс айтамын. Бұл науқан осымен тоқтап қалмайды. Әрі қарай жалғасын табады» - деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит.

баллар үйі
Фото: Астана қалалық спорт басқармасы
спортшылар балалар үйінде
Фото: Астана қалалық спорт басқармасы

Айта кетейік, «Светоч» балалар үйі жанындағы орта мектеп өз жұмысын 1999 жылы қарашада Лилия Вениаминова Соловьеваның үш бөлмелі пәтерінде басталған екен. Бүгін де балалар үйінің тәрбиеленушілері аудандық олимпиадаларға, конкурстар мен жарыстарға белсенді қатысып, құрметті орындарға ие болып жүр. Сондай-ақ, футболдан, волейболдан спорттық жарыстарға, шақырылған мектептердің тәрбиеленушілері мен оқушылары арасындағы эстафеталарға қатысады дейді мекеме басшылығы.

спортшылар балалар үйінде
Фото: Астана қалалық спорт басқармасы

«Менің ойымша, бұл науқан жақыныңа көмектесу мен қолдаудың тамаша үлгісі. Біз жанымыздағы қарияларға көмектескенде, осындай қиын жағдайға тап болған балаларға қол ұшын созып, мереке ұйымдастыру олар үшін ғана емес, өзіміз үшін де маңызды нәрсе жасаймыз. Жүрегімізде жылулық ұя салады. Біз осындай азғантай ғана жұмысымыз арқылы олардың көңілін көтердік деген үміттеміз. Балалардың көздеріндегі қуаныш біз үшін ең жақсы Алғыс болды»- дейді Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов.

Астана төрінде бірнеше күн қатарынан өтіп жатқан акцияның мақсаты – қаланың жеке секторында тұратын жалғызбасты зейнеткерлер мен ерекше қажеттілігі бар қарт адамдардың аула аумақтарын тазалауға және көркейтуге көмек көрсету.

спортшылар балалар үйінде
Фото: Астана қалалық спорт басқармасы

Естеріңізге сала кетейік, 6 сәуір мен 11 мамыр аралығында Астанада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. Оның аясында 29 сәуір мен 4 мамыр аралығында басталған «Өнегелі ұрпақ» тақырыптық апталығы қарқынды өтуде.

«Өнегелі ұрпақ» апталығы – қарттар үйі, ардагерлер, жұмыс барысында қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы тұратын үйлер аумағын абаттандыруға бағытталған. Айтулы акцияға өз үлесін қаланың әрбір тұрғыны қоса алады.

тазалық
Фото: Астана қалалық спорт басқармасы
тазалық
Фото: Астана қалалық спорт басқармасы

 

Соңғы жаңалықтар