Левит Тищенкомен жекпе-жекке қатысты ХОК-тің тексеруіне пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан боксшысы Василий Левит Рио-де-Жанейродағы даулы шешімдерге қатысты ХОК-тің  алдағы тексерулеріне орай «ҚазАқпарат» ХАА-ға пікір білдірді.

«Мен бұл жайындағы ақпаратты оқып шықтым. Шынын айтсам, бұл турасында көп ойланбаппын. Қандай шешім жасаса да, алда көре жатармыз. Жалпы, судьялардың шешімін талқылау менің құзыретімде емес. Бірінші кезекте мен спортшымын», - деді боксшы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах комитет 2016 жылғы Олимпиадада болған кейбір бокс жекпе-жектеріне қатысты шешімдердің объективтілігін зерттейтінін мәлімдеді. 

Оның бірі  Василий Левит пен Евгений Тищенконың айқасына қатысты болып отыр.

Сонымен қатар В. Левит «ҚазАқпарат» тілшісіне қазақстандық бокстың қазіргі деңгейі жайында пікірін айтты.

«Қазақстандық бокс үнемі жоғары деңгейде болады деп ойлаймын. Себебі біздің боксшылар әрбір Олимпиадада жеңіс тұғырынан көрінеді», - деді ол.

Боксшы қазіргі кезде дайындық шараларына қызу кірісіп кеткенін атап өтті.

«Ертең кезекті дайындық шараларына сапарға шығамын. Сондықтан да менің жоспарымда жаттығуға екпін қойылып отыр. Ал келесі Олимпиадаға тоқталатын болсам, ең алдымен оған қатысу мүмкіндігін алу керек. Осы орайда бар күш-жігерімді салуға тырысамын», - деді спортшы.

Бұдан бөлек ол Головкин-Альварес реваншын асыға күтіп отырғанын жеткізді.

«Алдағы жекпе-жек секілді бұл жолғы кездесу де тартымды болады деп ойлаймын. Жалпы, осы жекпе-жекті бокссүйер қауымның барлығы күтіп жүр. Әрине, өзіміздің боксшымыз үшін жанкүйер боламын», - деді Левит.

Соңғы жаңалықтар