Лейкемиямен ауыратын балалар гепатиттің «С» вирусын құйылған қаннан жұқтырған жоқ - Ж.Досқалиев

АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында лейкемия диагнозымен емделіп жатқан балалардың гепатиттің «С» вирусын жұқтыру фактісіне қатысты арнайы Комиссия жүргізген тексерістің нәтижелерін жариялады.

Лейкемиямен ауыратын балалар гепатиттің «С» вирусын құйылған қаннан жұқтырған жоқ - Ж.Досқалиев

Министрдің айтуынша, балалар аталмыш вирусты Педиатрия институтында, немесе Республикалық қан орталығы дайындаған қан және оның құрамдастарынан жұқтырған жоқ. «Ал вирусты жұқтыру фактісі, балалардың бұған дейін емделген қай мекемеде орын алғанын анықтау мүмкін емес», - деп атап өтті ол, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарланғандай, балалардың Педиатрия институтында гепатиттің «С» вирусын жұқтыру фактісін анықтау бойынша құрылған комиссия аталмыш Орталықта 2007-2009 жылдар аралығында емделген 3 мың науқастың ауру тарихын зерделеп, олардың 106-сы вирусты аталмыш емдеу мекемесіне түспей тұрып жұқтырғанын анықтаған болатын.

Министр бүгін, осы 106 балаға Педиатрия орталығында құйылған қан зарарсыз болғанын, яғни онда гепатиттің «С» вирусы болмағанын анықтады.

Сондай-ақ ол, балалардың вирусты жұқтыруы мүмкін болған жағдайларды атап өтті. Мәселен, олардың 47-сі бұған дейін әртүрлі деңгейдегі медициналық мекемелерде қан тамырына түрлі егулер жасатқан. 78 жағдайда - балалар түрлі стомотологиялық қызметтер қабылдаған. Комиссияның қорытындысы бойынша қалған 8 балаға түрлі операциялар жасалған.

«106 баланың 8-і қазір Қазақстан аумағынан тыс жерде. Қалған 98 бала жіті тексеріске алынды. Өкінішке қарай, олардың жұқпаны нақты қай жерде жұқтырғанын анықтау мүмкін емес», - деді министр.