Лейкемиямен ауыратын балалар С гепатитін жұқтыруына байланысты Педиатрия институты Бас прокуратураның тексерісіне қайта ілігеді - министр
АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Еліміздің Бас прокуратурасы лейкемиямен ауыратын балалар С гепатитін жұқтыруына байланысты Педиатрия институтына қайта тексеріс жүргізеді.
Бұл туралы бүгін он-лайн конференция барысында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова айтты.
«Балалардың Педиатрия институтында С гепатитін жұқтыруы мүмкін жолына тоқталатын болсам, бұның қаншалықты мүмкіндігін тексеру үшін мен Бас прокуратураға хат жолдадым. Өткен жылы тексеріс болды. Бірақ жұқпа көзі анықталмады. Сондықтан, артық күмәндар, қобалжулар болмас үшін, мен Бас прокуратураға жүгіндім. Білуімше, тексеріс басталуы тиіс, басталып та кеткен болар», - деді министр.
Сондай-ақ С.Қайырбекованың сөзіне қарағанда, министрлік Қазақстанның барлық өңірлеріндегі қан қызметтері мен орталықтарында тексерістер жүргізу туралы бастама көтерді.
«Бүгін мен, 16 облыстағы қан орталықтары заманауи құрылғылармен жабдықталғандығын айта аламын және біз республикалық бюджет қаражатына бастапқы шығын материалдары бар тағы жеті құрылғы сатып алдық», - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.