Лейпцигте көлігі барларға қоғамдық көлікте тегін жүруге рұқсат етілді
АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Лейпцигте 10-13 сәуір аралығында жеке көлігі бар адамдарға қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы берілді, деп жазады MDR.
Осылайша, қалалық және аймақтық көліктерді басқарушы компаниялар жүргізушілерге жанармайды үнемдеу үшін жеке көліктен қоғамдық көліктің тиімдірек екенін көрсетпек болған.
Тегін жолақы билетін алу үшін жеке көлігіңіздің құжатын көрсетсеңіз жеткілікті.
Қоғамдық қөлік өкілдерінің есептеуінше, отбасыда екінші жеке көлікті жүргізу үшін жылына 5 мың еуро артық шығын жұмсалады. Бұған ай сайын жанармайға кететін шамамен 100 еуроны қосыңыз. Енді салыстырыңыз: Лейпцигтегі қоғамдық көлікте айлық жолақы билеті 46,92 еуро тұрады. Онымен қоймай, кешке және демалыс күндері бір билетпен бірнеше адам қатар жүре алады.
Дәл осындай акцияны көрші қала - Галланың басшылары да жүргізбек ниетте көрінеді. Алайда оның дәл қашан және қалай өтетіні әзірге белгісіз.