Лицензиясынан айырылған Delta Bank: БЖЗҚ-ның ақшасын қайтара алмай отыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Delta Bankтан сот арқылы 2,7 млрд теңге өндіріп алды, ҚазАқпарат тілшісі.

Лицензиясынан айырылған Delta Bank: БЖЗҚ-ның ақшасын қайтара алмай отыр

Азаматтық іс Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралды.

Іс материалдарына қарағанда, «БЖЗҚ» АҚ  салымшылары мен банк арасында келісімшарт жасалып, 2 жылға 1 млрд теңге, сонымен қатар 1 жылға 1,5 млрд теңге салым салынған. Алайда Delta Bank  келісімшартта көрсетілген талаптарды орындамағандықтан зейнетақы қоры банкті сотқа берді.

«Банк салымы туралы келісімшарттың  2.6 жəне 3.3-тармақтарына сəйкес салымшы тарапынан келісімшарт бұзылған жағдайда банк үш жұмыс күні ішінде депозит қаржы сомасы мен сыйақы мөлшерлемесін қайтаруы тиіс», - деді қалалық соттың баспасөз қызметінен.

Өз кезегінде банк өкілдері БЖЗҚ-ның қаржысын қайтаруға лицензиясы тоқтатылуына байланысты мүмкіндік жоқтығын хабарлаған.

Алайда банк қарызды өтеуден бас тартып отырған жоқ.

Сот БЖЗҚ арызын толығымен қанағаттандырып, Delta Bank № 22/1222 банк салымы туралы келісімшарты бойынша -  1 113 388 888 теңге, ал №22/1576 келісімі бойынша 1 626 000 000 теңге өндіру туралы шешім шығарды.

Айта кету керек, 2017 жылдың 4 тамызда ҚР Ұлттық банк «Delta Bank» АҚ депозиттерді қабылдау жəне банк шоттарын ашу лицензиясын тоқтатты.