Лицензиясыз жұмыс істеген колледж: Директор себебін айтты
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдағы әлеуметтік білім беру колледжі бір жылдан астам уақыт бойы студенттерді рұқсатсыз оқытып келген. Аталған жайтқа қатысты оқу орнының директоры Мәрияш Қадыралинова түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Колледж басшысы 2017 жылдан бастап лицензияның жоқтығын растады. Оның айтуынша, білім ошағы әкімшілік сот шешімімен оқыту рұқсатынан айырылған.
«Біз былтырғы жылдың қазан айынан бастап лицензияны қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып келеміз. Тиісті органға алғаш рет 3 қарашада құжаттарымызды тапсырдық. Ереже бойынша, құжат тапсырылған күннен бастап колледждің лицензиясыз қызметі кейінге шегерілуі тиіс. Уақыты келгенде оқу орны жаңа рұқсат қағазына ие болады», - деп түсіндірді басшы.
Директордың сөзінше, колледж өзіне тиесілі ғимараты болмаған соң оқыту рұқсатынан айырылды. Оқу процесі кезінде меншік иелері қаладағы нысанды жалға алған. Сонымен қатар, былтырғы оқу жылының басында бірнеше студент басқа колледждерге ауысып кеткен. Алайда, білім алушылардың көбі бұл оқу орнынан кеткісі жоқ.
«Бүгінде бізде 89 студент білім алады. Оның 15-і - мүмкіндігі шектеулі жандар. Мен олардың диплом алуларына барынша жағдай жасаймын. Ешқандай заң талаптарының бұзылмауына байланысты Əлеуметтік білім беру колледжіне лицензия берілуіне қол жеткіземіз», - деді М.Қадыралинова.
Айта кетейік, бір жылдан астам лицензиясыз жұмыс істеп келген колледж мәселесі облыс әкімінің қатысуымен өткен алқа мәжілісінде көтерілген болатын.
Иллюстрациялық фото