Лифті саласында жауапты компаниялар ғана жұмыс істеу керек - Исекешев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елордадағы лифтіге қатысты жауапты компаниялардың талапқа сай болуын қадағалауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қаладағы ПИК бойынша сұрақ көп. Мәселен, лифтілерді алып қарайық. Тұрғындар лифтілердің жағдайын әрдайым талқылау үстінде. Мәселен, өткен кезеңде 6 жағдай тіркелді. Таяуда ғана екі бала лифтіге қамалып қалған. Мұндай мәселелер неліктен шығып жатыр? Ол туралы біз бұрын да айтқан едік. Бәрін бизнеске бердік. Лифтілер бойынша қаламызда алпысқа жуық компания жұмыс істейді. Біздің алдын ала бағалауымыз бойынша олардың жартысына жуығында ғана персонал, құрылғы бар. Қалғандары тұрғындарсыз шарт жасап алған», - деді қала басшысы Астанадағы құрылыс жұмыстарының сапасы талқыланған кеңесте.
Астана қаласы әкімі осы себепті «Атамекен» ҰКП-пен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Олар өзін-өзі реттеу ұйымын құруды ұсынып отыр. Демек, компаниялар өзін-өзі реттеп, оларға жауапкершілік жүктелетін болады. Сонымен бірге, заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарды Инвестициялар және даму министрлігіне жолдадық. Демек, компания өз жұмысын қатаң бақылауға алуы тиіс. Оларда біліктілігі жоғары персонал болуы керек. Материалдық-техникалық базалары болуы керек. Бізде қазіргі таңда 6 600 лифті бар. Тұрғын үйлерде шамамен 4 900 лифт бар. Бұл үлкен шаруашылық», - дейді ол.
Исекешевтің айтуынша, лифтілердің қауіпсіздігін бұрынғыдан қатал қарау керек.
«Қазірге дейін прокуратурамен лифтілердің пайдаланылуы туралы жоспардан тыс тексерулер жүргізу жөнінде алгоритм әзірледік. Біздің есептеуімізше, бұл тәжірибесі жоқ компаниялар еркелейтіндей сала емес. Әлбетте, еркеліктің еш жерде реті жоқ. Адамдардың қауіпсіздігіне қатысты жерде тек жауапты компаниялар ғана жұмыс істеу керек. Әрбір ПИК жауапты болады. Сондықтан, қаладағы аудан әкімдерінің жауапты орынбасарларына біздің әріптестермен бірге, өзге де органдармен лифтілерді пайдаланудың қауіпсіздігін күшейтуді тапсырамын. Барлық 67 лифтілік ұйымдардың жұмысы тексерілуі тиіс. Анық бұзушылықтар анықталған жағдайда ІІД-ге, Мемлекеттік кірістер департаментіне хабар береміз», - деді қала әкімі.