Лифтте қаза тапқан қостанайлық жасөспірімге қатысты істі прокуратура бақылауға алды

Еске салсақ, оқыс оқиға 12 қаңтар күні сағат 16:00-дер шамасында болған.
«Қазіргі уақытта ҚР ҚК 306-бабы (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Қайғылы жағдайға ескі лифтідегі ақау себеп болды деп айта алмаймын. Бұл болжам ғана. Барлығы сараптамадан соң белгілі болады. Істі өз бақылауымызға алдық», - деді Еркін Тәйкешев агенттік тілшісіне.
Аталған факт бойынша «Лисаковский лифт» ЖШС басшысы Олег Мельник те жергілікті газеттер арқылы өз нұсқасын жариялады. Оның айтуынша, лифт кабинасының тоқтап қалуына басқа нәрсе себеп болуы мүмкін.
«Төмен түсіп келе жатқан лифт арнайы қаққыш үстіне тоқтаған. Сол себепті қауіпсіздік жүйесі іске қосылды. Жеделсаты сыртқы күштердің әсерінен тоқтады. Оған кабинаның теңселуін жатқызуға болады. Іштегі жасөспірімдер көрсетілген диспетчерлік қызметке хабарласпай, өздерінше қимылдаған. Техника қауіпсіздігін сақтап, арнайы мамандарды шақырғанда бәрі басқаша болар еді»,- деп есептейді О. Мельник.