Лилия Рах: Мен әділ сотқа сендім
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қылмыстық жауапкершіліктен босатылған Лилия Рах сөз алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.
«Мен әділ сотқа, әділдікке, достарыма әрқашан да сендім. Осылай іс аяқталып отырғанына байланысты мен қазір Құдайға шүкір, достарыма алғыс айтамын», - деді Л.Рах.
Еске сала кетейік, бүгін Апелляциялық сот алқасы Алмалы аудандық соты шығарған басты сот үкімін өзгертіп, Лилия Рахты қылмыстық жауапкершіліктен босатты.
«Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2016 жылдың 10 қарашасында шығарған Лилия Рах, Мири Паз, Бахыт Шалбаев, Ислам Мисировқа қатысты үкімі өзгертілсін. Лилия Рахқа қатысты сот үкімі ҚР ҚК-нің 2-бабы 68-бөлігі бойынша тараптардың медиация тәртібі арқылы татуласуына байланысты өзгертіліп, дереу босатылсын», - деді судья Қараманов.
Айта кетейік, Бахыт Шалбаев пен Ислам Мисировқа қатысты жаза тағайындау бойынша сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Сот Мири Пазға қатысты жәбірленушінің жаза тағайындауды күшейту бойынша талабын қанағаттандырмай, басты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Сонымен қатар, сот сотталушылардың мүлкін тәркілеуге қатысты сот үкімін тоқтатты. Апелляция алқасы Мири Паздың жәбірленуші Сувановтың өзін қылмыстық жазаға тарту жөніндегі өтінімін қанағаттандыруға негіз жоқ екенін айтты.
Еске сала кетейік, Паз Сувановты жалған куәлік берді деп айыптаған болатын.