Лилия Рахтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы 17 қазанға белгіленді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Кәсіпкер Лилия Рахтың ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы 17 қазанға белгіленді.
Бұл туралы қалалық сотқа сілтеме жасай отырып, «ҚазАқпарат» тілшісі хабарлады.
«Сот Л.Рахтың ісіне қатысты алдын ала сот талқысын 17 қазанда өткізу туралы қаулы шығарды», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың тамыз айында Алматыда сән бизнесіндегі танымал кәсіпкер Лилия Рах Өзбекстан азаматын ұрлады деп күдікке ілінген болатын.
Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2016 жылдың 9 шілдесінде Н. есімді азамат Алматы полициясына 33 жастағы Өзбекстан азаматының із-түзсіз жоғалғаны жөнінде шағым түсірген.
«Жедел тергеу кешенді шараларын жүргізу барысында У. есімді азаматтың ұрланғаны және жалға алынған пәтерлердің бірінде зорлықпен ұсталынып отырғандығы анықталды. Полиция бөлімдерінің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде, іздеудегі адамның қай жерде екендігі анықталды және ол құтқарылды. Алматы қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдікпен төрт адамды ұстады. Олардың ішінде Лилия Рах та бар», - деп хабарлаған болатын ІІД баспасөз қызметінен.
Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.