«Лимузинмен» зейнеткерді қағып өлтірген қостанайлық бостандыққа шықты

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облыстық соты зейнеткерді қаққан «Лимузин» көлігінің жүргізушісіне қатысты апелляциялық шағымды қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Лимузинмен» зейнеткерді қағып өлтірген қостанайлық бостандыққа шықты

Облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер Қостанай қалалық сотында оқылған үкім алынып тасталғанын айтты. Еске салсақ, 37 жастағы Михаил Глухенькийге 3 жыл 9 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.

Апелляциялық шағымнан кейін оның жазасы қайта қаралды.

«Қостанай облыстық сотының шешімімен Михаил Глухенькийдің жазасын өтеу мерзімі шартты түрде 2 жыл 6 айға өзгертілді. Осы уақыт аралығында оған тек пробациялық бақылау орнатылады. Себебі, ол жәбірленуші тарапқа 1 млн 321 мың теңге материалдық, 2 млн теңге моральдық шығын өтеді және сәбиінің болуы ескерілді. Сондай-ақ Глухенький 3 жыл көлік басқару құқығынан айырылды», - деп мәлім етті облыстық соттан.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 2017 жылдың 17 шілдесі күні болған. Карбышев көшесіндегі автотұрақтардың бірінде 37 жастағы «Лимузин» жүргізушісі Михаил Глухенький 74 жастағы зейнеткерді қағып кеткен. Ол автотұрақта күзетші болып жұмыс істеген.