Лицензиялық турнир: Екі балуанымыз жолдамаға бір қадам жетпей сүрінді

Дзюдо
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан лицензиялық турнирде әйелдер күресінен екі балуанымыз жолдамаға бір қадам жетпей сүрінді.

Нақтырақ айтсақ, 50 келі салмақта Лаура Ғаниқызы шешуші сәтте Азия чемпионатының 6 мәрте жүлдегері Ванишке 0:10 есебімен есе жіберсе, 53 келідегі ұлттық құраманың тәжірибелі балуаны Жұлдыз Эшимова жартылай финалда Солтүстік Корея балуаны Хюгунг Чоға 0:4 есебімен жол берді.

Осылайша жартылай финалға шыққан үш балуан қызымыздың екеуі Азия құрлығының іріктеу жарысында жолдамаға қол жеткізе алмады.

Енді 76 келі салмақта Жәмила Бақбергенова лицензиялық турнирдің жартылай финалында белдеседі.

Естеріңізде болса осыған дейін әйелдер күресінен үш балуанымыз жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.

Аталған лиензиялық турнирде Олимпиада жолдамасы тек финалға шыққан балуандарға беріледі.

Күрестің үш түрінен 18 салмақ дәрежесінде 36 лицензия сарапқа салынып жатыр. Ал үшінші жарыс күні грек-рим күресінің балуандары сынға түседі.

Естеріңізге сала кетейік, кеше бірінші жарыс күні еркін күрес шеберлері Олимпиада жолдамасын сарапқа салды. Нәтижесінде 97 келі салмақта Әлішер Ерғали мен 125 келі салмақта Юсуп Батырмұрзаев Париж олимпиадасына жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар