Лицензиялық турнир: Нұрбек Оралбай ширек финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай Бусто-Арсициодағы лицензиялық турнирдегі қарсыласы Алексей Алферовті жеңіп, ширек финалға шықты.

80 келі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз алғашқы раундта қарсыласынан жеңілген. Алайда қалған екі раундта Нұрбектің мерейі үстем болды.
Жекпе-жек қорытындысы бойынша ол 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Н.Оралбайдың Олимпиада жолдамасын алуға мүмкіндігі арта түсті.
Айта кетсек, бұған дейін лицензиялық турнирде бүгін шаршы алаңға кімдер шығатынын жазған болатынбыз. Италиядағы бокс бәсекесінде қазақстандықтар арасынан бірінші болып шаршы алаңға шыққан Алуа Балқыбекова келесі кезеңге өтті. Отандасымыз Cәкен Бибосынов та Бахрейн атынан сынға түскен қазақ боксшысын жеңіп, жолдамаға таласуға мүмкіндік алды.