Лицензиялық турнир: Екі қазақ боксшы бір-бірімен жұдырықтасады

АСТАНА. KAZINFORM – Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде Сәкен Бибосыновтың келесі қарсыласы белгілі болды.

Сәкен
Фото: Аян Төлеген

Енді Бибосынов 10 наурыз күні өзінің отандасы, қазақ боксшысы Азат Махметовпен жұдырықтасады.

Махметов қазіргі таңда Бахрейн елінің атынан сынға түсіп жүр. Ол бұрын елде болғанда Қазақстанның 2 дүркін чемпионы атанған тәжірибелі боксшылардың бірі.

Айта кетейік, кеше Сәкен Бибосынов лицензиялық турнирдегі екінші жекпе-жегін өткізіп, Кения спортшысы Дэвид Каранча Мачарианы төрешілердің шешімімен жеңді.

Париж олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынып жатқан турнир 3 наурызда басталған болатын.

Жарыс 12 наурыз күні мәресіне жетеді. Аталған турнирде ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдама сарапқа салынып жатыр. Қазақстан құрамасынан ерлерден 6, әйелдерден 5 боксшы жолдамаға таласуда.