Лицензиялық турнир: Юсуф Мациев жолдамадан тыс қалды

Олимпиада
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның Стамбул қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлемдік іріктеу турнирінде грек-рим күресінен 97 келі салмақта Юсуф Мациев жолдамадан тыс қалды.Отандасымыз лицензиялық турнирдің іріктеуінде германиялық балуан Лукас Лазогианистен ұтылып қалды.

Осылайша, грек-рим күресінен Ұлттық құрама 97 келіге дейінгі салмақта Париж Олимпиадасына жолдама ала алмады.

Сондай-ақ, бүгін 67 келідегі Дінмұхаммед Қошқар алғашқы белдесуінде Азия чемпионатының күміс жүлдегері Махмуд Бакшилловты (Өзбекстан) таза жеңді. Енді жерлесіміз 1/8 финалда 2018 жылғы Еуропа чемпионы Михай Михуцпен (Румыния) белдеседі.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстан балуандарының еншісінде жалпы есебі жеті жолдама бар. Оның төртеуін грек-рим күресінің өкілдері иеленсе, үшеуі – еркін күрес шеберлерінде. Ал бұрымды балуандарымыз әлі бірде-бір жолдамаға қол жеткізе алған жоқ.

Аталған турнирде 54 олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Қазақстан балуандары оның ішінде 11 лицензияға таласады.
Стамбул қаласында өтіп жатқан әлемдік турнирде әр салмақтан үш балуан жолдамаға ие болады.

Соңғы жаңалықтар