Лицензиясы бардың бәрі құрылыс сала алмайды: жаңа цифрлық жүйе іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда құрылыс және жобалау ұйымдарының біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеретін Лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімі енгізіледі. Жүйе құрылыс компанияларының нақты мүмкіндіктерін, мамандарын және өндірістік базасын бағалауға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда құрылыс саласында 80 мыңға жуық лицензия тіркелген. Алайда лицензияның болуы компанияның қажетті ресурстарға ие екенін және жұмыстарды сапалы орындай алатынын толық қамтамасыз етпейді. Осыған байланысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Палата өкілдерімен, оның өңірлік филиалдарымен және құрылыс саласындағы салалық бірлестіктермен кездесу өтті. Кездесу барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Рысдәулетов құрылыс саласындағы лицензиаттарды цифрлық бақылау тетігін — Лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімін (бұдан әрі — Тізілім) таныстырды.
— Тізілімнің негізгі міндеті — қолданыстағы заңнама нормалары шеңберінде лицензия иелерінің біліктілік талаптарын тұрақты түрде сақтауын қамтамасыз ету. Автоматтандырылған тізілім құрылыс және жобалау ұйымдарының белгіленген біліктілік талаптарының сәйкестігіне цифрлық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тексеру барысында білікті мамандардың және қажетті өндірістік базаның болуын растайтын мемлекеттік цифрлық жүйелердің деректері ескерілетін болады, — делінген хабарламада.
Бұл іс жүзінде қандай өзгерістер әкеледі?
Ведомство атап өткендей, ең алдымен, тапсырыс берушілер құрылыс және жобалау ұйымдарының сенімділігін неғұрлым объективті бағалай алады. Мердігерді таңдау кезінде лицензияның болуы ғана емес, компанияның нақты мүмкіндіктері, жұмыс тәжірибесі мен қызметінің нәтижелері де ескерілетін болады. Адал жұмыс істейтін ұйымдар үшін бұл құрылыс жобаларына қатысудың неғұрлым ашық әрі тең жағдайларын қалыптастырады. Тізілімді енгізу құрылыс нарығының ашықтығын арттыруға, сапасыз құрылыс тәуекелдерін төмендетуге және нысандардың уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуге бағытталған. Жүйені тестілік режимде іске қосу осы жылдың қараша айына жоспарланған.
Осыған дейін «Халықтық құрылыс» жобасында цифрлық теңге қолданылуы мүмкін екенін жазғанбыз.