Литва Австриядағы өз елшісін шақыртып алмақ
ВЕНА. 19 шілде. ҚазАқпарат /Тимур Бектұрғанов/ - Литва, кеңес әскери контингентінің құрамында 1991 жылдың 13 қаңтарында Вильнюс телемұнарасын шабуылдауға қатысқаны үшін іздеуде жүрген РФ азаматы Михаил Головатовтың
Венада қамаудан босатылуына наразылық ретінде, Австриядағы өз елшісін шақыртып алмақ. Бұл туралы Austria Press Agentur (APA) ақпарат агенттігі хабарлады.
«Альфа» жасағының ардагері, КСРО Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы полковнигі М.Головатов, Литваның қамауға алу туралы талабының негізінде берілген еуропалық ордерге сәйкес, үстіміздегі жылдың 14 шілдесінде Венадағы «Швехат» әуежайында ұсталған еді. Бірақ көз ұзамай ол қамаудан босатылып, Ресейге оралды.
Осыған наразылық ретінде, Литва Сыртқы істер министрлігі дүйсенбі, 18 шілде күні Вильнюстегі Австрия елшілігінің консулына нота табыс етті. Нотамен бірге Австрия тарабына 1991 жылы Вильнюсте болған қайғылы оқиғалар туралы деректі кітап да тапсырылды.
Австрияның сыртқы істер министрі Михаэль Шпинделеггер австрия өкіметінің жоғарыдағы шешіміне түсіндірме берген жауап хатында: «Литва тарабының қамауға алу туралы ордерінде көрсетілген дәйектер аталған тұлғаның Австрияда қамауда әрі қарай ұсталуына жеткіліксіз болғанын» хабарлады.