Литва билігі қылмыскер Сырым Шалабаевқа босқын статусын тағайындады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Литва билігі «BTA Bank-тің» бұрынғы басқарма төрағасы Мұхтар Әбләзовтың сыбайласы, Қазақстан азаматы Сырым Шалабаевқа саяси баспана беруді шешті. BALTNEWS.lt таратқан ақпаратты Литва ІІМ жанындағы миграция департаментінде растады.
Сырым Шалабаевты екі жылдан астам Интерпол іздеген. 2015 жылы жазда ол Вильнюсте ұсталды. Қазақстан билігі оған және оның сыбайластарына бірнеше миллиард доллардың мүлкін жымқырды деген айып таққан.
Сырым Шалабаевқа босқын статусын және Еуропалық Одақ аумағында ұзақ мерзімде қалу туралы шешімді Литваның миграция департаменті қабылдаған. Бұл шешімге негіз болған жайды ІІМ шенеуніктері айтпады. Олардың сөзіне қарағанда, бұл ақпарат мемлекеттік құпияға жатады.
Жақын арада миграция департаментінің шешімі Вильнюс округтік сотына жолданады. Бұл сот қазір Бас прокуратураның оны экстрадициялау туралы өтінішін қарастырып жатыр. Сырым Шалабаев әзірге бостандықта жүр, алайда оған елден шығуға тыйым салынды.
Еске сала кетейік, қазіргі уақытта BTA Bank және оның кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбләзовке байланысты 15 адамға аумақта қалуға рұқсат берілді.