Литва Энергетикалық хартия шарты құрамынан ресми түрде шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Литва энергетика саласына инвестицияларды қорғауға бағытталған халықаралық келісім — Энергетикалық хартия шартына қатысудан шығу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Анадолы.

Литва Энергетикалық хартия шарты құрамынан ресми түрде шықты
Фото: Анадолы

LETA таратқан ақпаратқа сәйкес, шешімді елдің парламенті — Сейм мақұлдады. 99 депутат «қолдап» дауыс берді, қарсы дауыс берген ешкім болмады, ал екі депутат қалыс қалды.

Литва Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, шартқа қатысудың қазіргі жағдайда маңызы жоқ, әсіресе егер Еуропалық Одақ елдерінің басым бөлігі одан бас тартып жатқан жағдайда.

Литва бұл шартқа 1995 жылы қол қойып, оны 1998 жылы ресми түрде бекіткен болатын.

1994 жылы қабылданған бұл шартқа Еуропа мен Орталық Азияның 47 мемлекеті қосылған. Шарттың басты мақсаты — энергетика саласындағы шетелдік инвестицияларды, әсіресе посткеңестік кеңістікте, қорғау.

Алайда соңғы жылдары бұл шарт климаттық саясатпен, соның ішінде Еуропалық жасыл келісім мен Париж келісімімен үйлеспейтіндігі үшін сынға ұшырады. 2024 жылы ЕО Кеңесі Еуроодақ пен «Евратом» қауымдастығының шарттан шығуын мақұлдаған болатын.

Бүгінгі күнге дейін бұл шарттан Италия, Франция, Германия, Польша, Словения, Люксембург, Португалия, Испания, Ұлыбритания шығып кеткен. Нидерланды 2025 жылдың маусым айының соңында ресми түрде шығады деп жоспарланған.

Бұған дейін Литва ресми түрде Оттава конвенциясынан шыққаны анықталды.

Соңғы жаңалықтар