Литва ресми түрде Оттава конвенциясынан шықты
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 8 мамыр, бейсенбі күні Литва Сеймі жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға, өндіруге және жинауға тыйым салатын Оттава конвенциясынан шығуды қолдап дауыс берді, деп хабарлайды Анадолы.

Шешімді 107 депутат қолдады, үшеуі қалыс қалды. Конвенциядан шығу туралы шешім алты айдан кейін күшіне енеді.
Қорғаныс министрлігі бұл шешім туралы наурыз айында хабарлаған. Министрлік бұл қадамды қауіпсіздік жағдайының өзгеруімен түсіндірді.
Министрліктің пікірінше, жаяу әскерге қарсы миналардан бас тарту елдің қорғаныс мүмкіндіктерін шектейді.
Қорғаныс ведомствосы конвенциядан шығу Литва аумағын қорғау шараларының тиімділігін арттырады деп санайды.
Литваның бұл жоспарлары туралы Польша, Эстония, Латвия және Финляндияға алдын ала хабар берілген. Кейін бұл елдер де келісімге қатысу мәселесін қайта қарауға дайын екендіктерін білдірді.
Литва Оттава конвенциясын 2003 жылы ратификациялаған болатын.
Бұл құжат жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға, өндіруге, әзірлеуге, жинауға және тасымалдауға тыйым салады.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әлем бойынша Ресей, АҚШ және Қытайды қоса алғанда 32 ел бұл келісімге қатыспайды.
Сәуір айының соңында Латвия президенті Эдгар Ринкевич өз елінің конвенциядан шығуы туралы заңға қол қойды.
Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаев Гитанас Науседаны Литва мемлекеттілігін қалпына келтіру күнімен құттықтаған еді.