Литвада сайлауда қазіргі президент Гитанас Науседа жеңіске жетті
ВИЛЬНЮС. KAZINFORM - Литвадағы президент сайлауының екінші турында қазіргі мемлекет басшысы Гитанас Науседа жеңіске жетті. Дауыс беру нәтижесі бойынша ол 75 пайыз дауыс жинаса, сайлаушылардың 23 пайызы оның қарсыласы премьер-министр Ингрида Симонитеге дауыс берген, деп жазады ВВС.

Вильнюстің Узупис ауданындағы сайлау штабында журналистер алдында сөз сөйлеген Науседа Шимонитеге пікірталас үшін алғыс айтып, қорғаныс мәселесі мемлекет үшін басымдық болып қала беретінін жеткізді.
«Мен Литва халқына үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Маған үлкен сенім мандаты берілді және мен мұны бағалау керек екенін түсінемін», — деп келтіреді литвалық БАҚ Науседаның сөзін.
Литва конституциясына сәйкес, президент елге әскери агрессия жасалған жағдайда бірінші болып әрекет етіп қана қоймай, негізінен сыртқы саясатты қалыптастыруға жауапты болуы керек.
Халықаралық қатынастар саласында кандидаттар арасында ерекше айырмашылық болған жоқ: екеуі де Балтық аймағының қауіпсіздігін нығайтуды, екеуі де әскери шығынды ұлғайтуды жақтайды, сонымен қатар Украинаға жан-жақты көмек көрсетуге және Ресейге қысым көрсетуге шақырады.
Литва — парламенттік республика, сондықтан президенттің өкілеттігі айтарлықтай шектелген. Ол судьялар, Литва банкінің басшысы және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар лауазымдарына кандидатураларды ұсына алады.
Президенттің заң шығару бастамасы құқығы бар, ол сондай-ақ парламент бекіткен заңдарды өзгерту туралы ұсыныстар енгізе алады.
Екі үміткер де сайлауалды бағдарламасында басымдықтарды белгіледі.
Науседа бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерді шешу туралы айтады, сонымен қатар ол қорғаныс шығынын ЖІӨ-нің 3% дейін арттыруға шақырады және экологиялық таза экономикалық дамудың маңызын атап өтеді.
Шимоните өз бағдарламасында Литва экономикасының дамудың орташа еуропалық деңгейіне жеткенін мақтан етеді. Ол сондай-ақ одақтастарын ұжымдық қорғаныстың маңызын естен шығармауға шақырды.
Литва заңына сәйкес, кандидаттар өздерінің қаржылық жағдайы туралы ақпарат беруі керек болды — бұл жерде де үміткерлер арасында үлкен айырмашылық жоқ.
Науседа президент ретінде өткен жылы 122 мың еуро табыс тауып, 20 мыңнан сәл астам ақшаны үнемдеп, 359 мың еуроның мүлкін жариялады.
Премьер-министр ретінде Шимоните 72 мың еуро табыс тауып, 13 мың еуро үнемдеп, 316 мыңның мүлкін жариялады.
Бес жыл бұрын Гитанас Науседа мен Ингрида Шимоните президент сайлауының екінші турында кездескен еді.