Ливан Израильдің Хезболлаға қарсы әуе шабуылынан 274 адам қаза тапқанын хабарлады
БЕЙРУТ. KAZINFORM – 23 қыркүйекте Израильдің «Хезболла» нысаналарына жасаған ауқымды соққыларынан 300-ге жуық адам, соның ішінде әйелдер мен балалар қаза тапты, деп хабарлады Ливан билігі. Бір аптаға жетпей 5 мыңға жуық адам жараланған, деп жазады DW.
23 қыркүйек, дүйсенбі күні Израильдің Ливандағы "Хезболла" қозғалысының нысандарына жаппай соққы беруі нәтижесінде 274 адам қаза тапты, оның ішінде 39 әйел мен 21 бала, деп хабарлады Ливан денсаулық сақтау министрі Фирас Абиад Бейруттегі баспасөз мәслихатында. Ливанның NNA мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қаза тапқандар арасында төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері де бар. Тағы 1000-ға жуық адам жарақат алған.
Абиад елдің соғыс болып жатқан аймақтарынан мыңдаған отбасы қауіпсіз аймақтарға қашуға мәжбүр болғанын айтты. Сонымен бірге, «бір аптадан аз уақыт ішінде» 5 мыңға жуық адам Израильдің атқылауы нәтижесінде жараланды, деп мәлімдеді Ливан министрі.
Бір ғана пейджерлер мен рациялардың жаппай жарылуынан 3 мыңға жуық адам зардап шеккен. Ливан билігі бұл шабуылға Израильді айыптап отыр.
Ал, Ливанның «Хезболла» лаңкестік тобы Израильге зымыранмен шабуылдарын жалғастыруда. Сонымен бірге, израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, 2023 жылдың 7 қазанында соғыс қимылдары басталғаннан бері алғаш рет алыс қашықтыққа соққылайтын зымырандар қолданылуда. Израиль тарапынан қаза тапқандар мен жараланғандар туралы ақпарат жоқ. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрі Йоав Галант ел тұрғындарын сабырлы болуға және тәртіпті сақтауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Израильдің «Хезболлаға» жасаған ең ірі шабуылынан 180-нен астам адам қаза тапқанын хабарлаған едік.