Ливан президенті жаңа премьер-министрді тағайындады
АСТАНА. KAZINFORM — Ливанның жуырда ғана сайланған президенті Джозеф Аун Халықаралық соттың басшысы Наваф Саламды елдің жаңа премьер-министрі етіп тағайындады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Дүйсенбіде Ливан депутаттарының көпшілігі Наваф Саламның кандидатурасын ұсынды. Оған Ливан парламентінің 128 депутатының 84-і дауыс берсе, премьер-министр міндетін атқарушы Наджиб Микати небәрі тоғыз дауысқа ие болды, 35 депутат қалыс қалды.
Саламға батысшыл саяси күштердің депутаттары, сондай-ақ тәуелсіз заң шығарушылар дауыс берді деген болжам бар. Салам Сауд Арабиясы мен Батыс елдерінің қолдауына ие екені де белгілі.
Салам христиан және друз фракцияларының, сондай-ақ белгілі суннит заң шығарушыларының, соның ішінде «Хезболланың» одақтастары мен қарсыластарының қолдауына ие болды, олар бұл топтың мемлекетке нұқсан келтіретінін айтып, өзінің қуатты арсеналынан бас тартуды ұзақ уақыт бойы талап етіп келеді.
Саламның Ливан үкіметінің жаңа басшысы болып сайлануы елдегі діни фракциялар арасындағы теңдіктің айтарлықтай өзгергенін көрсетті.
Айта кетейік, Ливанның саяси жүйесі әртүрлі діни бірлестіктер арасындағы билікті бөлуге негізделген. Осылайша, негізгі мемлекеттік лауазымдар белгілі бір діни топтардың өкілдеріне арналған: ел президенті — маронит-христиан болуы керек, премьер-министр тек суннит мұсылманы, ал парламент спикері тек шиит мұсылманы бола алады.
Соңғы жылдары Хезболла Саламның премьер-министр болуына бірнеше рет тосқауыл болған, оны «АҚШ қолдайтын кандидат» деп атаған.
Сейсенбі күні Наджаф Салам премьер-министр болып тағайындалғаннан кейін Ливанға оралды. Ол Бейруттағы президент сарайында Джозеф Аунмен және парламент спикері Набих Берримен кездесіп, жаңа министрлер кабинетін құру процесін ресми түрде бастайды деп жоспарлануда.
Ливан ақпарат құралдарының хабарлауынша, Саламның алдында қиын миссия тұр, өйткені Израиль мен Хезболла арасындағы соғысты аяқтау үшін Ливан Израильмен бітімге келген. Салам елді экономикалық дағдарыстан шығару үшін де көп жұмыс істеуі керек.
Осыған дейін Еуроодақ Ливанға қосымша күштер орналастыруға көмектесу үшін 200 млн еуро бөлуге дайын екені хабарланды.