Ливанда Израиль шабуылдарынан қаза тапқандар саны 3 558 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Әскери шиеленіс басталған 2 наурыздан бері Израильдің Ливан аумағына жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 3 558 адамға жетті. Бұл туралы Анадолы агенттігі хабарлады.

Ливанда Израиль шабуылдарынан қаза тапқандар саны 3 558 адамға жетті
Фото: Анадолу

Израиль әскері 17 сәуірде күшіне енген және 17 мамырдан бастап тағы 45 күнге ұзартылған бітімге қарамастан, Ливан аумағына соққы жасауды жалғастырып отыр.

Ливан Денсаулық сақтау министрлігі 2 наурыздан бері Израиль шабуылдарының салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар саны туралы жаңартылған мәлімет жариялады.

Министрлік дерегіне сәйкес, соңғы 24 сағат ішінде қаза тапқандар саны тағы 32 адамға көбейіп, жалпы саны 3 558 адамға жеткен. Сондай-ақ жараланғандар саны 10 870 адамды құрады.

4 маусымда Денсаулық сақтау министрлігі жасаған мәлімдемеде 2 наурыздан бері Израильдің Ливанға жасаған шабуылдары салдарынан 3 526 адамның қаза тапқаны хабарланған еді.

Айта кетейік, бұған дейін Израиль мен Ливан АҚШ-тың делдалдығымен атысты тоқтату туралы келісімге келгенін жаздық.

Алайда осы келісім жарияланғаннан кейін көп ұзамай Израиль Ливанға шабуылын қайта жалғастырды.