Ливанда орын алған қарулы қақтығыстарда зардап шеккен Қазақстан азаматтары жоқ
АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Ливанда орын алған қарулы қақтығыстарда зардап шеккен Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлімдеді.
«Ливанның Триполи қаласында өткен аптаның соңы - осы аптаның басы аралығында орын алған қарулы қақтығыстарға Қазақстан азаматтарының қатысуы немесе оның нәтижесінде зардап шегуі туралы жергілікті құзырлы органдардан мағлұмат келіп түспеді»,- деді ресми өкіл.
Айта кетейік, текетірес Сирияның ресми басшылығын қолдаушылар мен қарсыластары арасында туындап отыр. Қос тарап та Ливан азаматтары және Триполи тұрғындары, бірақ біреулері алауилер болса, екіншілері суннит бағытын ұстанушы мұсылмандар. Қақтығыс нәтижесінде 10 адам қаза тапты, оның біреуі әскери қызметкер. Жалпы, әртүрлі жарақат алғандар саны 100-ден асып түсті.