Ливанда жарақат алғандар саны 2500 адамнан асты

БЕЙРУТ. ҚазАқпарат – Ливан астанасы Бейрут қаласында болған жойқын жарылыс салдарынан кемінде 27 адам көз жұмып, жарақат алғандар саны 2500-ден асты, деп хабарлайды ВВС.

Ливанда жарақат алғандар саны 2500 адамнан асты

Агенттіктің Ливан денсаулық сақтау министрі сөзіне сілтеме жасай отырып хабарлауына қарағанда, Бейрут қаласындағы жарылыстан кемінде 27 адам көз жұмып, жарақат алғандар саны 2500-ден асқан.

Қазіргі кезде ауруханалар жаралыларға толып, көптеген ғимарат бұзылған.

Еске салсақ, Ливандағы қазақстандық дипломаттардың ақпараты бойынша, ағымдағы жылғы 4 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында Бейруттағы теңіз портының базасында бірнеше қатты жарылыс болды. Жақын маңда орналасқан үйлерде, сондай-ақ жарылыс эпицентрінен бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттарда терезелері шағылды.

Жергілікті биліктің алдын-ала ақпараты бойынша, теңіз портында пиротехникасы бар кеме жарылған. Жарылыс салдарынан Ливандағы ҚР дипломатиялық миссиясының ғимаратына зиян келді. Бейруттағы жарылыстан Қазақстан консулы жарақат алды.