Ливандық фермерлер әскерден марихуана егістігін тартып алды
АСТАНА. 24 шілде. ҚазАқпарат - Пулемет, гранатамет және минометпен қаруланған ливандық егіншілер Бекаа алқабында өсетін марихуана егістігін құртпақ болған қарулы күшке тойтарыс берді, деп хабарлайды Reuters.
Атыс салдарынан ешкім қаза болған жоқ. Дегенмен шаруалар әскерилердің екі джип көлігін істен шығарған. Әскерилер қайта жасақталу үшін кейін шегінуге мәжбүр болған.
Бекаа алқабы 1975-1990 жылдардағы азаматтық соғыста каннабиноидтар мен опиаттар өндіретін үлкен «орталыққа» айналды. Қолайлы ауа райы сақталған кейбір жылдары бұл жерде мыңдаған тонна марихуана мен 50 тоннадан астам опиум өндірілетін.
1991-1993 жылдары марихуана мен мак алқаптары БҰҰ-ның есірткі өндіруге қарсы бағдарламасы аясында түгелдей жойылған еді. Алайда олар жуырда қайта пайда болды. Ливандық әскерилер мен полицияның осы өсімдікті өсіруге құмартатын «шаруаларды» алқаптан қуып шығуға шамалары келмей отыр.