Live: Алматы тауларындағы туристік орындардан тікелей көрсетілім іске қосылды



АЛМАТЫ. KAZINFORM – Енді Алматы тауларындағы ауа райын, қар жамылғысын және тұман бар-жоғын нақты уақыт режимінде бақылауға болады.

Алматы тауларындағы туристік орындардан тікелей көрсетілім іске қосылды
Фото: видеодан скрин

Алматы қаласы туризм басқармасының мәліметінше, бұл мүмкіндік EcoWay платформасында қолжетімді. Онда Алматының танымал үш тау нысанынан тікелей көрсетілім жүргізетін веб-камералар жұмыс істейді:

- Мыңжылқы – Тұйықсу көрінісі;
- Үлкен Алматы көлі мен Қаныш Сәтбаев шыңы (Советов шыңы);
- Үлкен Алматы шыңы.

Сонымен қатар платформада тау көріністерінің маусымдық өзгерістерін бақылауға мүмкіндік беретін таймлапс бейнелерінің архиві бар.

- Алдағы уақытта EcoWay платформасын Almaty Hike жобасымен біріктіру, тау маршруттарының интерактивті картасын дамыту, География институтымен бірлесіп көшкін қаупі туралы мәліметтерді енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ навигация және туристік маршруттарды тіркеу мүмкіндіктері бар мобильді қосымша іске қосылады, - деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда тауға шығатын сапары туралы алдын ала хабарлауға мүмкіндік беретін Almaty Hike онлайн-сервисі іске қосылды.