LIVE: Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламның Ақордаға сапары
АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам елімізге мемлекеттік сапармен келді

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы қазақ-вьетнам ынтымақтастығын дамыту перспективасы талқыланады.
7 мамыр күні Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Астанада өтетін әскери парадты тамашалайды.
Еске салсақ, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламды қарсы алды. Қазақстан мен Вьетнам басшылары елорда әуежайында аз-кем әңгімелесті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел ынтымақтастығының әлеуеті мол екенін атап өтті.
— Құрметті То Лам мырза, еліміздің астанасына қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыздың тарихи маңызы зор және Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ықпалдастықты кең ауқымда дамытуға тың серпін береді деп санаймын. Сіздің еліңізге жасаған сапардан үлкен әсермен оралдым. Вьетнаммен түрлі бағыттағы байланысты жан-жақты нығайту тұрғысынан жұмысты жалғастыру қажет деген ойға келдім. Екі ел ынтымақтастығының әлеуеті мол, — деді Тоқаев.
Өз кезегінде Вьетнам Коммунистік партиясы ОК Бас хатшысы То Лам Қазақстан мен Вьетнамды тамыры терең достық қарым-қатынас байланыстыратынын айтты.
— Қадірлі Президент мырза, Сізге және Қазақстан халқына шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Ұшақ трапынан қарсы алғаныңыз — біз үшін зор мәртебе. Бұл асқан қонақжайлылықтың және бізге көрсетілген құрметтің белгісі. Қазақстан мен Вьетнамды тамыры терең достық қарым-қатынас байланыстырады, — деді То Лам.
Сапар аясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтеді. Сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қою жоспарланған.
Кейінгі 30 жылдан астам уақытта екі ел байланысы қалай нығайды? Kazinform аналитикалық шолушысы осы тақырыпты талдап көрген еді.