«Ливия қырық құрамды елге айналмақ» - республикалық басылымдарға шолу

***
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында «Нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрестің 2012-2016 жылдарға арналған жаңа бағдарламасының» жобасы қаралып мақұлданды. Осы бағдарлама жөнінде баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мұнда жалпы жиыны 102 іс-шара жоспарының қарастырылып отырғандығын айтып өтті. Бұл шаралар үш бағыт бойынша жүргізілмек. Бағдарламаны жүзеге асыруға жұмсалатын шығын көлемі 6 миллиард 167 миллион теңгені құрайтын болады. «Жаңа бағдарламаны жүзеге асыру ел ішіндегі есірткі айналымын айтарлықтай шектейді, біздің еліміз арқылы оның тасымалдануын қысқартады және елімізде есірткімен күресті пәрменді ете түсетін болады», деп атап көрсетті Қ.Қасымов. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Есірткімен күреске ерекше екпін берілмек» атты мақаладан оқыңыздар.
Осы басылымның жазуынша, Атырауда Парламент Сенатының депутаты, «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы О.Әбдікәрімовтің төрағалығымен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда аталған қоғамдық кеңес ұсыныстарының Атырау облысында орындалуы мәселесі қаралды. Республикалық қоғамдық кеңестің сараптама комиссиясы Атырау облысында бұған дейінгі анықтаған кемшіліктерді түзету жұмысы жүргізіліп, облыс және аудан әкімдері, сонымен бірге, аймақтың басқа да мемлекеттік құрылымдары жемқорлыққа қарсы шараларды қолға алуда. Алайда, мұнайлы аймақтағы жемқорлық деңгейінің өсуіне әсер етіп отырған келеңсіз үрдістер әлі де болса еңсеріле қоймаған. Қолдағы мәліметке қарағанда, мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет атқаратын тұлғалар тарапынан жасалған қылмыстар саны әлі де болса жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Бұл дерт неге еңсерілмейді?» атты мақаладан кеңірек білесіздер.
***
Қазақ еліне оңтүстіктен қауіп төніп тұр! Сондықтан кеше, түс ауа, Министрлер кабинетінің отырысында Үкімет мүшелері оңтүстіктегі шекараны бекіту туралы бірауыздан шешім қабылдады. Ал, оңтүстікте Қазақстан Өзбекстанмен (2300 шақырым), Қырғызстанмен (980 шаырым) және Түркіменстанмен (380 шақырым) шектесетіні мәлім. Оңтүстіктегі шекараны қымтау неге қажет болды? Бұл сауалдың жауабын «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Шекараны қымтайтын болдық!» атты мақаладан таба аласыздар.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, заманында Муаммар Каддафи түйілген жұдырықтай етіп ұстаған елі, бүгінде қырық пышақ болып, тартысып, берекесі кете бастады. Түбі бірнеше кішігірім мемлекет болып бөлініп кетуі де ғажап емес. Ливиялықтардың баяғы күні ұжмақтай болып, көзден бұл-бұл болып ұшқалы қашан. Ливия үшін Каддафидің орны бөлек екені білініп қалды Каддафи кім еді? Бұл жайлы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Ливия қырық құрамды елге айналмақ» атты мақаладан білуге болады.
***
Өткен жылғы қыста ел аумақтарында қар аз түсіп, ауа райы өте суық болды. Нәтижесінде мамандар биылғы жылы егістікке қажетті ылғал өте аз деген пікірде. Сондықтан да биылғы жылы науқан кезінде мүмкіндігінше, дәнді дақылдардың құрғаққа төзімді түрін егу тиімді. Сонымен қатар ресурсты үнемдеу технологияларын кеңінен пайдаланған жөн. Дегенмен мамандар биылғы жылы 15 миллион тонна астық жинаудан дәмелі. Бұл туралы кеше алдағы уақыта елде жүргізілетін егін егу науқанымен байланысты мәселелер жөніне журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мәлім етті. Олардың ой-пікірлерімен және мәліметтерімен танысқыңыз келсе, «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Помогут технологий» атты мақаланы оқыңыз.