Ливияда болған қазақстандықтардың басым бөлігі елге оралды - ҚР СІМ
АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазіргі кезде Ливияда Қазақстанның 4 азаматы бар. Бұл туралы бүгін елордадағы баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдрахманов мәлім етті.
Айта кетейік, бұған дейінгі баспасөз мәслихатында А.Әбдірахманов Ливияда 21 азаматтың бар екендігі жайында мәлім еткен болатын. Оның сөзіне қарағанда, 27 ақпанға дейін Қазақстанның дипломатиялық миссиясының араласуымен Триполиден 10 қазақстандық азамат елге қайтарылды. «Қазіргі кезде Ливияда Қазақстанның 4 азаматы бар. Олардың екеуі - дипмиссияның қызметкерлері болса, біреуі - «Эриэль» компаниясында жұмыс істейтін азамат. Байланысқа шықпай жатқан тағы бір әйел ливиялық азаматтың жұбайы болып тіркелген. Қазіргі кезде Ливияда Қазақстанның басқа да азаматтарының бар-жоғы анықталуда», - дейді А.Әбдірахманов.