Ливияда құл базары бар ма - Елшілік қазақстандық БАҚ-қа жауап берді

АСТАНА. ҚазАқпарат -Ливияның сыртқы істер министрлігі бірқатар шетелдік БАҚ-та жарияланған адам саудасы туралы ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ливияда құл базары бар ма - Елшілік қазақстандық БАҚ-қа жауап берді

Бұл туралы Ливияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салем А.А. Саити Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

«Біз сіздерді Ливия Сыртқы істер министрлігінің бірқатар БАҚ-та жарияланған Ливиядағы адам саудасы туралы жалған ақпаратқа қатысты ресми мәлімдемесін хабарлау үшін шақырып отырмыз», - деді Салем А.А. Саити.
null 

Елшінің айтуынша, Каддафи билігі құлаған соң Ливияда барлық құқық қорғау органдары мен әскер жүйесі қираған. Соңғы алты жыл бойы Ливия өз аумағы мен шекараларын толық бақылауда ұстай алмай отыр.

«Мигранттар Ливияның оңтүстігі- Сахара шөлі жағынан өтіп, Еуропаға жету үшін қылмыстық топтардың көмегіне жүгінуде. Ал солтүстіктегі шекарада 2 мың шақырымға созылатын теңіз жағалауы бар. Сондықтан, оңтүстік және солтүстік шекараны толық бақылауда ұстау қиын. Осыған байланысты Ливия Еуропа одағы, БҰҰ және Африка мемлекеттерінің одағынан мемлекеттік шекараны бақылауға қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жөнінде көмек сұрады», - деп атап өтті дипломат.

Сондай-ақ, елші құқық қорғау органдарының тергеу жұмыстарын жүргізгенін, қылмыстық топтардың заңсыз мигранттарды күштеп жұмысқа жеккені туралы ақпараттың расталмағанын жеткізді. Мұнда адам саудасы емес, Ливия аумағы арқылы Африка мигранттарының заңсыз транзиті туралы ғана әңгіме болуы тиіс. 

Сондай-ақ, елші елдегі саяси жағдай туралы азды-кем ақпарат берді. Онда заңды билік пен түрлі топтар арасындағы соғыс жалғасып келеді. Елші жақын арада БҰҰ-да Ливияның бірігуі туралы келісімге қол қойылатынын хабарлады және 2018 жылы әлемнің біртұтас Ливияны көретініне үміт білдірді.

Еске сала кетсек, бұған дейін америкалық CNN арнасы Ливия базарында Еуропаға өтуге әрекет жасаған заңсыз келімсектердің құл ретінде сатылып жатқаны туралы бейнежазба жариялады. Бейматериалға сәйкес, заңсыз мигранттың біреуі шамамен 400 долларға ауыл шаруашылықтарында жұмыс істету мақсатында сатылған.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш заңсыз мигранттарды құл ретінде сатып жатқан аукционның видеосына сүйеніп, мигранттарды сату жөніндегі хабарламаға байланысты наразылығын білдірді.

«Біздің әлемде құлдыққа орын жоқ. Адам құқығын бұзатын мұндай жан төзгісіз әрекеттер адамгершілікке қарсы қылмыс ретінде бағалануы мүмкін», - деді БҰҰ Бас хатшысы ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде журналистерге берген сұхбатында. 

CNN арнасының эфирінде көрсетілген құл саудасы туралы фильм көрсетілген соң, Париж тұрғындары адам саудасына қарсы шеру өткізіп, тәртіп сақшыларымен қақтығысқа түсті.
null