Ливияда Мысыр елшілігінің қызметкері ұрланды

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Ливиядағы Триполи қаласында Мысыр елшілігінің қызметкерін ұрлап кетті, деп хабарлайды Лента.ру Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Ливияда Мысыр елшілігінің қызметкері ұрланды

Мысырлық елшіні 24 қаңтар күні үйінен мұздай қаруланған бір топ адамдар алып кеткен, дейді Ливия сыртқы істер министрлігінің өкілдері. Ливияның сыртқы саяси ведомствосы ұрланған мысырлықты босату үшін барлық күштерін салып жатыр. Сондай-ақ енді Мысыр елшілігінің күзеті күшейтілмек. Мысыр елінің сыртқы істер министрлігі әзірге оқиғаның мән-жайын ашып баяндамай отыр. Ал Ливиядағы Мысыр дипломатиялық миссиясының өкілдері ұрланған қызметкердің дипломат мәртебесінің жоқтығын, тек дипломатиялық төлқұжатқа ие екенін айтады. Бұл қылмысқа қатысты жауапкершілікті Ливиядағы радикалды топтардың ешқайсысы мойнына алмай отыр, әзірге оны босату бойынша ешқандай талап-тілектер де қойылып отырған жоқ. Ливиядағы күш құрылымдарының өкілдері елшілік қызметкерінің ұрлануын Мысырда ықпалды Шаабан Хадеидің қарулы тобының ұсталуымен байланыстырады. Үкімет пен жауынгерлердің және жергілікті жасақтардың арасында үздіксіз қақтығыстар орын алып жатқан Ливияда адам ұрлау фактісі жиі орын алады. Мәселен, 2013 жылы қазан айында елдің премьер-министрі Әли Зейдан қарақшылар қолына осылай тап болса, қараша айында барлау қызметінің бастығының орынбасары осындай қылмыстың құрбаны болған. Ал 2014 жылдың қаңтар айында жауынгерлер бірнеше күн бойы жұмысынан үйіне қайтып бара жатқан оңтүстіккорейлік шенеунікті тұтқында ұстаған.