Ливиядағы жағдайға байланысты Брюссельде Еуроодақ басшыларының төтенше мәжілісі өтеді
ССЕЛЬ. 11 наурыз. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Ливиядағы оқиғаларға байланысты бүгін Брюссельде Еуроодаққа мүше 27 елдің мемлекет және үкімет басшыларының қатысуымен төтенше мәжіліс өтеді.
Онда Еуропа елдерінің басшылары Ливия мен Солтүстік Африкадағы жағдайды талқылайды және араб әлемінде өршіп бара жатқан қантөгістерге қатысты мәлімдеме жасайды.
Еуроодақ Кеңесінің президенті Херман Ван Ромпей «кездесуде Ливиядағы оқиғаларға қатысты Еуропалық Одақтың реакциясы бойынша ұсыныс енгізетінін» мәлім етті.
Еуроодақ саммитінің қарсаңында, 10 наурызда, еуропалық елдердің сыртқы істер министрлері кеңес өткізіп, аймаққа сапар жасап қайтқан Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштонның баяндамасын тыңдаған еді.
Естеріңізге сала кетейік, Ливияда Муаммар Каддафидің режиміне қарсы наразылық акциялардың жалғасқанына бірнеше аптаның жүзі болды. Онда шерушілерге қарсы армия күштері мен техникасы, оның ішінде ұшақтар мен артиллерия күштері қолданылуда. Халықаралық ұйымдардың деректері бойынша, қауіпсіздік күштерімен және шетелдік жалдаптармен болған қақтығыстарда 2 мыңға жуық адам қаза болған, тағы 4 мың адам жарақат алған.
Оған қоса, көптеген сарапшылар Ливиядағы оқиғалардың салдарынан, яғни Ливиядан мұнай жеткізілімінің ұзаққа тоқтап қалу ықтималдығына орай, 2011 жылы мұнай бағасы аспандайды деген болжамдар жасап отыр.
БҰҰ мен Еуроодақ Ливия басшылығына қарсы санкциялар енгізді, елге қару-жарақ жеткізіліміне тыйым салды. Оған қоса Ливия басшысы мен оның төңірегіндегі тұлғалардың есепшоттары жабылды. Халықаралық қоғамдастық М.Каддафиді ел басшылығынан кетуге шақырып отыр.