Ливиядан химиялық қару шығарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Даниядан шыққан жүк кемесі Мисурата айлағында Ливияның химиялық қаруын тиеп алып, Германияға беттеді. Бұл елде жойқын қару жойылуы тиіс, деп жазады 24.kz.
Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты химиялық қаруға тыйым салу ұйымының жүзеге асырып отырған шарасы.
Ливия 2004 жылы химиялық қаруын жоюға келіскен болатын. Сол кезде осы елдің өкіметі 24,7 тонна иприт газы 1 мың 390 тонна химиялық заттары және 3 мыңнан аса бомбасы бар екенін жариялаған еді. 2011 жылы Муаммар Қаддафи биліктен айырылғаннан кейін, химиялық қаруды жою ісі тоқтап, елде 850 тонна химиялық зат қалып қойды.
Бұл жойқын қару Ливияда әрекет етіп жүрген экстремистік топтардың қолына түсу қаупі болғандықтан, 22 шілдеде Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде қаруды Ливиядан шығарып, жою жоспары құрылған болатын. Бұл шараны атқару Данияға ұсынылды. Осы ел 2014 жылы Сириядан химиялық қаруды шығарып-жою ісінде негізгі міндет атқарған еді.